Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облыстық ПД қызметкері спорттағы үздіктер қатарынан көрінді

Павлодар қаласында өткен жылдың спорттық қорытындылары шығарылып, өңірдің үздік жаттықтырушылары мен спортшылары салтанатты түрде марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Спортты дамытуға қосқан үлесі мен жоғары жетістіктері үшін Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкері Айда Аблаева "ММА бойынша үздік спортшы" атанды.

Бұл марапат оған халықаралық жарыстардағы жоғары нәтижелері мен спорттағы табанды еңбегі үшін табысталды.

Әріптестері спортшыны кезекті жетістігімен құттықтап, оның жеңісі полиция қызметкерлері үшін үлкен мақтаныш әрі кәсіби қызмет пен спортты қатар алып жүрудің жарқын үлгісі екенін атап өтті.

– Қызметкерлеріміздің жетістіктері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен қылмысқа қарсы күрестегі күнделікті қызмет барысында әрбір полицейге үлгі әрі мотивация болуы тиіс. Қол жеткізген белестеріңізбен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да жаңа мақсаттарды бағындыра беруіңізге тілектеспіз, – деп атап өтті полиция ведомствосында.

Айта кетейік, өткен жылы Айда Аблаева Ливанның Джуния қаласында өткен ММА бойынша Азия чемпионатында топ жарып, алтын медаль иеленді. Ол жарыс барысында Сирия, Ливан және Тәжікстан спортшыларынан басым түсіп, Павлодар облысынан шыққан Азия чемпионатының алғашқы әрі әзірге жалғыз қыз чемпионы ретінде өңір тарихына енді.

Сонымен қатар спортшы ММА бойынша спорт шебері нормативін орындап, өзінің жоғары кәсіби дайындығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жас болғанына қарамастан, Айданың жетістіктер қоржынында елеулі жеңістер аз емес. Ол акробатика мен панкратион спорт түрлерінен спорт шебері, Nomad MMA бойынша спорт шеберлігіне кандидат. Сондай-ақ панкратион, ММА және Nomad MMA бойынша Қазақстанның екі дүркін чемпионы, Nomad MMA бойынша Әлем кубогының жеңімпазы, ММА бойынша Азия чемпионатының жеңімпазы, Азия және әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері.

– Спортқа мені алты жасымда ата-анам алып келді. Жолым акробатикадан басталды. Бұл спорт түрі маған тәртіпті, табандылықты және мінездің беріктігін үйретті. Мен үшін әрдайым басты үлгі – әкем. Ол менің жаттығуларыма белсенді қатысып, спаррингтерде бірге шығады, әрдайым қолдау көрсетеді. Бұл мен үшін тек әкелік қамқорлық емес, үлкен жауапкершілік пен мотивация көзі. Оның сенімі маған өз күшіме деген сенімділік береді. Уақыт өте келе спорт өмір салтыма айналды. Ерте тұру, үздіксіз жаттығу, тәртіп пен қажырлы еңбек – менің күнделікті өмірімнің ажырамас бөлігі. Кейде қиын сәттер де болды, бірақ дәл сондай кезеңдерде ата-анам алға ұмтылып, ешқашан берілмеуді үйретті, – дейді Айда Аблаева.

Әріптестері Айдаға алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындырып, халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғауына тілектестік білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру