Полиция ауыр жүк тасымалы кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады
Астана қаласы полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу, көлік тәртібін нығайту және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүк көліктерінің жүргізушілері арасында кең ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Профилактикалық іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері жүк тасымалдаумен айналысатын жүргізушілермен және көлік кәсіпорындарының өкілдерімен кездесулер өткізіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау, көлік құралдарының техникалық жай-күйін бақылау, сондай-ақ жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Жүргізушілерге жолға шығар алдында көліктің техникалық жарамдылығын тексеру, тежегіш жүйесінің, жарық беру құрылғыларының, дөңгелектердің жағдайына назар аудару, сондай-ақ тасымалданатын жүктің дұрыс орналастырылып, сенімді бекітілуін қамтамасыз ету қажеттігі түсіндірілді. Ауыр салмақты және ірі габаритті жүктерді тасымалдау кезінде белгіленген талаптарды сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары жүргізушілерге жылдамдық режимін бұзудың, көлік құралын шаршаған күйде басқарудың, ұялы телефонды пайдаланудың және жол қозғалысы ережелерін елемеудің ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертті. Әсіресе жаз мезгілінде көлік ағынының артуына байланысты жүргізушілерден жолда барынша мұқият болу талап етіледі.
Полиция қызметкерлері қала аумағындағы негізгі магистральдарда, өнеркәсіптік аймақтарда және жүк көліктері жиі жүретін бағыттарда профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы жадынамалар таратты. Мұндай шаралардың басты мақсаты – жүргізушілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, жолдағы тәртіпті күшейту және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
