Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда есірткіге тәуелділіктің алдын алу және оңалту мәселелері талқыланды

Павлодар облысында Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының Павлодар филиалы базасында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай конференция өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға Павлодар облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері, нарколог дәрігерлер, психологтар, орталық мамандары, сондай-ақ есірткіге тәуелділіктен оңалтудан өтіп жатқан азаматтар мен олардың ата-аналары қатысты.

Конференция әлеуметтік, наркологиялық, психотерапиялық және құқықтық бағыттар бойынша тақырыптық секциялар форматында ұйымдастырылды. Әрбір секцияда есірткіге тәуелділіктің алдын алу, оны емдеу және қоғамға қайта бейімдеу жолдары жан-жақты қарастырылды.

Құқықтық секция барысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстар үшін көзделген жауапкершілік туралы түсіндіріп, қолданыстағы заңнама талаптарына тоқталды. Сонымен қатар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, құқықтық кеңес берді.

Конференция барысында оңалтудан өтіп жатқан азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар олардың қалыпты өмірге оралуына ықпал ететін тетіктерді, мемлекеттік органдардың, медициналық мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылын, сондай-ақ тәуелділікті еңсерген азаматтарды еріктілік қызметке және есірткіге қарсы профилактикалық жобаларға тарту мүмкіндіктерін талқылады.

– Құқық қорғау органдарының, медицина қызметкерлерінің, психологтардың, қоғамдық ұйымдардың және азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіретін кешенді тәсіл адамның толыққанды өмірге қайта оралуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл оның есірткінің заңсыз айналымына қайта тартылу және осыған байланысты құқық бұзушылықтарға бару қаупін едәуір төмендетеді, – деді Павлодар облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ирина Тимиргалиева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру