Қарағанды жастары есірткісіз өмірді таңдады
26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Қарағанды облысы салауатты өмір салтын насихаттаудағы ұстанымын тағы бір мәрте айқын көрсетті. Облыстық полиция департаментінің бастамасымен өткен есірткіге қарсы күрес және есірткі қылмыстарының алдын алу айлығы "Salauat Fest" жастар форумымен қорытындыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, жастар ресурстық орталығы және "Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылған ауқымды іс-шара саябақ алаңына жүздеген тұрғынды жинады.
"Salauat Fest" форумы халықаралық дата аясында жастардың белсенді қатысуына, ашық пікір алмасуына және салауатты өмір салтын насихаттауға арналған маңызды алаңға айналды.

Форум барысында ұйымдастырушылар әрбір қатысушының қызығушылығына сай түрлі интерактивті алаңдар ұсынды. Заманауи Showtoday және жасанды интеллект негізіндегі фотобудкалар, армрестлинг пен фристайл-футбол секілді спорттық сайыстар жастардың ерекше қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар қатысушылар киімге ерекше принт түсіру мүмкіндігін пайдаланып, медициналық пунктте кеңес алып, экспресс-тесттерден өтті. Сондай-ақ Aerofit club қызметімен танысып, төтенше жағдайлар департаменті мен полиция департаментінің арнайы техникасын, автокөлік және мотоцикл көрмесін тамашалады. Мұның барлығы форумның мерекелік әрі мазмұнды атмосферасын қалыптастырды.
Форум аясындағы маңызды сәттердің бірі – есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерін марапаттау рәсімі болды. Марапаттарды Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетов табыстады. Бұл қоғам белсенділерінің еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, сонымен қатар есірткіге қарсы күрестегі мемлекеттік органдар мен қоғамның өзара ынтымақтастығының маңызын айқын көрсетті.

Іс-шараның мәдени бағдарламасы да мазмұнды әрі әсерлі болды. Қала тұрғындары мен қонақтары шығармашылық және спорттық ұжымдардың өнерін тамашалады. Әсіресе, полиция департаментінің кинологиялық орталығы қызметтік иттерінің көрсетілімдері мен жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің қойылымдары көрермендердің зор ықыласына бөленді. Форумның шарықтау шегі әсерлі файер-шоуға ұласып, мерекелік кештің жарқын қорытындысына айналды.
"Salauat Fest" форумы Қарағанды облысында есірткісіз болашақты қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын тағы бір мәрте көрсетті. Спорт, шығармашылық және қоғамдық белсенділік арқылы жастар мен тұрғындардың басын қосқан бұл бастама – дені сау, қауіпсіз әрі жарқын қоғам құру жолындағы маңызды қадам.
