Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы академиясының үздік қызметкерлеріне марапаттар табысталды

ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталған мерекені Алматы академиясының бастығы А.Сайтбеков құттықтау сөзбен ашты.

– Қос мереке – егеменді еліміздің айбынын асқақтататын маңызды мереке. Қазақстанның тұтастығы мен тыныштығын қырағылықпен қорғап тұрған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін! “Ер – елінің қорғаны” деген аталы сөздің дәлелі біздің ұлттық әскеріміз болса, Жеңіс күні аға ұрпақ өкілдерінің Ұлы Отан соғысындағы ерліктеріне тағзым ететін айтулы мереке. Жеңіс туын желбіреткен ардагерлеріміз бен еңбек майданында бар күш-жігерлерін жеңісті күндерге арнаған тыл еңбеккерлеріне деген құрметіміз ерекше, – деді А.Сайтбеков.

Салтанатты жиында Алматы академиясы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Қабденов те құттықтау сөз сөйлеп, отан үшін омырауын оққа тосқан ерлердің есімі ешқашан өшпейтінін, олардың сын сағатта Отанын қорғаудағы ерліктері бүгінгі ұрпақ үшін мақтаныш екенін атап өтті.


Бұл салтанатты мерекеде Алматы академиясының бірқатар қызметкерлері Ішкі істер министрлігі мен М.Есболатов атындағы Алматы академиясының арнайы марапаттарына ие болды. Салтанатты жиын соңы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының және Алматы академиясы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру