Алматыда генерал Қайдаровтың құрметіне самбодан халықаралық турнир өтті
Алматыда Жеңіс күні қарсаңында әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаровты еске алуға арналған спорттық және жауынгерлік самбодан халықаралық турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Турнирді ІІМ, «Генералдар кеңесі» Қоғамдық бірлестігі және «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының орталық кеңесі, сондай-ақ Самбо және жауынгерлік самбодан республикалық федерация ұйымдастырды.
Жарыс күрестің әр түрі бойынша жеті салмақ категориясында өткізілді.
Дәстүрлі турнирге Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан спортшылары, сондай-ақ Қазақстанның әр облысынан құқық қорғау органдарының және күштік құрылымдарының командалары қатысты.
Еске сала кетейік, Рүстем Қайдаров 2019 жылы Алматы қаласында болған ұшақ апатында көз жұмды. Ол КСРО ІІМ еңбек сіңірген қайраткері, «Генералдар кеңесі» РҚБ төралқасының төрағасы, әр жылдары Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары, Қазақстанның мемлекеттік тергеу комитеті төрағасының бірінші орынбасары болды.