Жетісу облысының тұрғындарын 24 млн теңгеге сан соқтырған алаяққа қатысты сот басталды
Жетісу облысында алаяқтың құрбандары істі сотқа жеткізген тергеушіге алғыстарын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.Талдықорған қаласында бірқатар алаяқтық жасады деп айыпталған 41 жастағы әйелге қатысты сот процесі басталды. Сотталушының құрбандары сот үкімін күтпей-ақ, қысқа мерзімде дәлелдер жинап, істі Фемида өкілдерінің қарауына жіберген қалалық полиция тергеушісіне алғыстарын білдірді.
Қылмыстық іс материалдарында жәбірленуші ретінде 16 адам көрсетілген, олардың негізгі бөлігі 20-23 жас аралығындағы жергілікті жоғары оқу орындарының студенттері.
Талдықорған қалалық полициясының қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікке ілінген әйелді өткен жылдың соңында ұстаған. Оған қатысты ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхат бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу материалдарына сәйкес, дәлелденген дерек бойынша жәбірленушілерге келтірілген залал 24 млн теңгеден асты. Ақшалай немесе тауарлық несиелерді микрокредиттік ұйымдар мен екінші деңгейлі банктер арқылы ресімдеген.
Күдіктінің іс-әрекеттері ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша (Алаяқтық) сараланған.
– Осы фактіге қатысты қоғамның наразылығын ескере отырып, қылмыстық істі тергеу облыстық полиция мен қадағалау органының ерекше бақылауында болды. Істі сотқа жібергеннен кейін жәбірленушілер қоғам наразылығына ілінген істі тергеп-тексеруде объективтілік танытқаны үшін тергеуші Надия Нұралиноваға алғысын білдірді, – деді Талдықорған қаласы ПБ бастығының орынбасары Шыңғыс Нұрахимов.