Шымкентте автокөлігінің терезесін күңгірттеп алған мыңнан астам жүргізуші жауапқа тартылды
Шымкентте жыл басынан бері автокөлігінің терезесін күңгірттеп алған мыңнан астам жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жергілікті полиция қызметі басқармасына қарасты патрульдік полиция полкінің инспекторлары жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарады.
Қала аумағында жыл басынан терезелері күңгірттелген 1174 автокөлік жүргізушілеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 5-бөлігі (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сай келмейтiн, сондай-ақ көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулар мен жағдайлары бар көлiк құралдарын басқару 5 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келіп соғады.
Полиция қызметкерлері терезенің жарық өткізу талаптарының (нормаларынан) асып түсетін көлік құралдарын пайдалану жайттарын анықтау және жолын кесуге бағытталған жұмысты белсенді жалғастырып жатыр.