Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Қорғау – қауіпті жүргізуші»: жасанды интеллект жүйесі полиция жұмысына қалай көмектеседі  

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Атырау облысы тұрғындарымен кездесу кезінде «Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасының басымдылықтарын атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Айыппұл арқалап, оны төлеуден жалтарғандар және жалған мемлекеттік нөмірмен көлік басқарғандар камералар мен Interceptor жүйесі арқылы анықталып, жауапқа тартылуда.

– «Қорғау» жүйесін енгіздік. Бюджеттен қаражат жұмсалған жоқ. Ол жалған нөмірлерді, айыппұлдары төленбеген, сақтандырусыз, іздеудегі көліктерді анықтауға толық мүмкіндік береді. «Қауіпті жүргізуші» деген функциясы бар. Егер Атырау көшесінде көлік 100 км/сағат жылдамдықпен бағдаршамның қызыл түсінен өтіп кететін болса, интеллектуалды камера жедел сигнал береді. Бұл сигнал жедел басқару орталығымен байланысты. Жедел басқару орталығы сол радиуста тұрған патрульдік полиция қызметкерлерінің планшетіне ақпарат береді. «Қорғау» жүйесінің жұмысы басталғалы бері жалған нөмірді пайдаланған мыңнан астам дерек анықталды. Жалған нөмірді құқық бұзушылық жасаған немесе қылмысқа бара жатқан адамдар тағады. Нақты айтқанда, жасанды интеллект өз пайдасын көрсетіп жатыр. Төленбеген айыппұлдар бойынша 20 мың көлік тұраққа қойылды – деді Марат Ахметжанов.

Атырауда төленбеген 86 айыппұлы бар жүргізуші туралы ақпарат желіде желдей есті. Оның төлемеген айыппұлдары екі миллион теңгеден асқан.

Патрульдік полицейлер жүргізушінің көлігін арнаулы тұраққа қойды. Сот құқық бұзушыны бір жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырып, бір тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасына тартты.

Кінәлі жүргізуші өз әрекетін түсіндіре алмады, заң бұзғанын мойындады. Айыппұл төлеуден жалтарып қана қоймай, заңсыз әрекетін тоқтатпаған тұлғаға тосқауыл қойылды. Бұл бір ғана дерек.

Жасанды интеллект көмегімен атыраулық полицейлер соңғы бір аптаның өзінде 347 айыппұлын төлемеген 50 жүргізушіні анықтады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру