Петропавл полицейлері бейнебақылау жүйесімен және терезе торларымен жабдықталмаған дәмханада жасалған ұрлықты ашты
Петропавл полицейлері бейнебақылау жүйесімен және терезе торларымен жабдықталмаған дәмханада жасалған ұрлықты ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер кәсіпкерлерге объектілердің техникалық нығайтылуын қолға алуға кеңес береді.
Петропавлдық тәртіп сақшыларына қаладағы дәмханалардың бірінде жасалған ауыр ұрлықты ашу үшін бір апта қажет болды. 22 мамырға қараған түні белгісіз қылмыскер терезені сындырып, ішке енген. 37 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражатты, dvd-плеер, алкогольдік ішімдіктер және басқа да тауарларды ұрлап кеткен. Шығын сомасы 100 мың теңге шамасында. Дәмхана иелері полицияға тек таңертең хабарласқан. Сауда орнында бейнебақылау жүйесі мүлдем болмаған. Дегенмен, Петропавл қаласы ПБ бірінші полиция бөлімінің криминалистері мен жедел уәкілдері күдіктіні анықтады. Ол бұрын бірнеше мәрте қылмыстық жауапқа тартылған Жамбыл ауданының 39 жастағы тұрғыны болып шықты.
Бейнебақылау инспекторлары мен барлық сыртқы қызметтер оны іздеу және ұстау шараларын бастап кетті. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайының болмауы қиындық тудырды. Криминалдық полиция қызметкерлері оны 30 мамыр күні облыс орталығындағы Жұмабаев көшесінде анықтады. Ол көрсеткен иесіз көлікжайдан dvd-плеер тәркіленіп алынды.
– Аталған факті ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Баптың санкциясы 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Қылмыстық құқық бұзушылықтар болмас үшін объектілерде қауіпсіздік шараларын сақтау қажет. Терезелердегі торлар, мықты есіктер, дабыл мен бейнебақылау жүйесі қылмысты болдырмайды немесе олардың қысқа уақыт ішінде ашылуына көмектеседі, – дейді Бірінші ПБ бастығы Тілеген Әлжанов.