Түркістанда министрлік ұйымдастырған байқауларда топ жарған шенді арулар марапатталды
Түркістанда министрлік ұйымдастырған байқауларда топ жарған шенді арулар марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Ішкі істер министрлігі полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастырып, олардың қоғам алдында мәртебесін арттыру, қызметін кеңінен насихаттау мақсатында түрлі бағытта байқаулар ұйымдастырып отырады. Ал мұндай қоғамдық іс-шараларға Түркістан облысының полицейлері үнемі белсенді қатысып, жүлделі орындарды қанжығалап келеді.
Мәселен, министрліктің тапсырмасына сәйкес Полиция күнін мерекелеу шеңберінде республикалық “Міндет.Абырой.Ерлік” атты ішкі істер органдары мен бөліністерінің қызметкерлері арасында көркемөнерпаздардың вокалдық байқауы өткен болатын. Байқауға Түркістан облысының атынан Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкері Айгүл Қалиева қатысты.
Патриоттық рухты көтеретін “Алия” әнін нақышына келтіре жанды дауыста орындаған түркістандық полицей өзінің орындау шеберлігімен, сахналық костюмімен көзге түсіп, жүлделі ІІІ орынды иеленді. Аталған жеңімпаз әнші аруымызға ҚР ІІМ М.Ахметжановтың дипломы мен статуеткасы полиция департаментінде өткен шарада салтанатты түрде табысталды.
Сонымен қатар министрлік ұйымдастырған “Бұрымды қыз” фото-байқауына қатысып, Түркістан облысының намысын қорғаған полицей аруларымыз да жүлделі болды.
Нақтырақ айтсақ, Түркістан қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының туристерге қызмет көрсету жөніндегі қызмет инспекторы Алмагүл Сәрсенбекова, Созақ аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Арна Бейсенбіге ішкі істер министрінің арнайы дипломы табыс етілді.
Аталған шенді аруларымыз ұлттық нақыштағы және нысанды киім үлгісімен кәсіби суретке түсіп, погон таққан бұрымды қыздардың нәзіктігі мен қайсар мінезін қатар сипаттап, республика көлемінде ерекше көзге түсті.
Республикалық байқауға өңірлік полиция департаменттерінің атынан 30-дан астам ару қатысып, бақ сынады. Соның ішінде түркістандық қос ару топ жарып, арнайы марапатқа ие болды.