Алматыда есірткіге қарсы күрес бойынша AIGA турнирі өтті
Алматыда есірткіге қарсы күрес бойынша AIGA турнирі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, AIGA грэпплинг турнирі дәстүрлі түрде Халықаралық нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне арналған. Турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірліктерінен 400 жас спортшы және Жанұя балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты.
– 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні, осыған байланысты республика аумағында есірткіге қарсы іс-шаралар айлығы өткізілуде. Бүгінгі турнир де ерекшелік емес. Жалпыұлттық мәселе ретінде белгіленген ортақ мақсатқа қолдау көрсеткен ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков.
Сондай-ақ шараға AIGA облыстық және қалалық грэпплинг федерациясының өкілдері, Қырғыз Республикасының джиу-джитсу федерациясының арнайы шақырылған президенті Самарбек Сабыржанұлы, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары, белгілі спортшылар мен белсенді жастар қатысты. Сонымен қатар шарада ЖҚАЖ қызметкерлерінің өнері көрсетілді.
– Нашақорлық – ұлт денсаулығына төнетін үлкен қатер, Елбасы өз Жолдауында салауатты өмір салты – ең алдымен әрбір адамның өз болашағының кепілі екенін атап өтті. Осындай әрекеттердің арқасында біз болашақ ұрпақтың пікірін өзгертіп, жақсылыққа бағыттай аламыз, – деді С.Нұрмағамбетов атындағы “Sagadat Batyr” спорт клубының президенті Ерболат Тұрымбетов.
Турнирде жеңімпаз атанған спортшылар медальдармен, сыйлықтармен және кубоктармен марапатталды.