«Мотоцикл» іс-шарасы: Ұлытау облысында 67 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді
Ұлытау облысында өтіп жатқан «Мотоцикл» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 67 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлытау облысының полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысын қадағалау тиімділігін күшейту мақсатында “Мотоцикл” жедел-профилактикалық іс-шарасын ұйымдастырды. Жазғы маусымның басталуымен мотоциклді пайдаланушылар саны артып барады. Соңғы жылдары көлік құралының бұл түрін пайдалану балалар мен ересектер арасында үлкен танымалдылыққа ие болуда. Оларға мопедтер, электрлік скутерлер және гироскутерлер жатады.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында 67 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды және 17 мотоциклдің құжаттары болмауына байланысты айыптұраққа қойылды.
– Жыл басынан мотоцикл, мопедтердің қатысуымен облыс аумағында 8 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатынан екі адам қаза тапты және 7 адам әртүрлі дене жарақаттарын алды. Құрметті жол қозғалысына қатысушылар және мотоцикл, мопед жүргізушілері! Сіздерден полиция департаменті жол ережесін қатаң сақтауды, жылдамдықты шамадан тыс асырмауды және өздеріңіздің қауіпсіздігіңіз ғана емес басқада жолаушыларға қауіп төндіретініңізді естен шығармауларыңызды сұраймыз, – деді облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының қызметкері Арман Әбілқасымов.