Алматы академиясына оқуға түсуге үміткер талапкерлердің ата-аналары өз ойларын айтты
ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясына кандидаттарды іріктеу кезеңінің аяқталуына аз қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомствалық жоғары оқу орнына түсу процесі ашықтық принципі бойынша талапкерлердің ата-аналары мен жақындарының, қоғамның тікелей қатысуымен өтті.
Басты конкурстық бағдарлама аяқталды, нормативтерді тапсырудан кейін келесі, яғни аппеляциядан өту кезеңі басталды, соның аясында ата-аналарға кезекті рет академия қабырғасында жиналып, оқу мекемесінің басшысымен кездесу мүмкін болды.
Оқу орнының бастығы Айдар Сайтбековпен сөйлесу барысында ата-аналар қауымы өз эмоцияларын жасырмай, абитуриенттік кампанияның жақсы ұйымдастырылғаны және жүргізілгені туралы жақсы пікір білдірді.
– Бастапқыда қобалжып жүрдік, шыны керек, күмән болды. Қазір болса, оның бәрі сейіліп, таза, әділ өткеніне қуаныштымыз. Біздің әділдік бар екенін 100 пайыз көзіміз жетті. Ризамыз! Мың алғыс! Барлық шараларға қатысуға рұқсат бергендеріңізге ризамыз, мұндай бұрын-соңды ешқайда болмаған, – деген ортақ баға берді ата-аналар.
Академия бастығы жаңа эксперименталды форматтағы талапкерлерлерді қабылдау кампаниясының Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың қолдауымен жүзеге асырылғанын атап өтті.
– Алдағы уақыттағы біздің кәсіби және ғылыми жетістіктеріміздің мықты іргетасын қалайтын маңызды және жауапты жұмыстар кезеңі басталды, – деп ойын түйіндеді Академия басшысы Айдар Сайтбеков.