Қостанайлық полицейлер жаңбырдан кейін батпаққа батып қалған көліктің жүргізушісіне көмектесті
Қостанайлық полицейлер жаңбырдан кейін батпаққа батып қалған көліктің жүргізушісіне көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 тамыз түнгі уақытта Амангелді полиция бөлімінің кезекші бөліміне алты жолаушысы бар минивэн, оның ішінде екі кәмелетке толмаған бала жаңбырдан кейін далада қалып қойғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Жүргізуші нақты координаттарды айта алмаған. Ол Державин ауылынан Амантоғай ауылына бет алғанын айтты. Жолды қысқарту үшін дала жолымен жүргендігін, сол кезде қатты жаңбыр жауып, көлік батпақты жерге батып қалдығын хабарлаған.
Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары Дастан Құспанов пен Нұрдәулет Истлеуов дереу шығып, даладағы минивэнді қосылған фаралар бойынша тауып алды.
Полицейлер тұрып қалған көлікті тартып алып, тас жолға дейін сүйреп апарған. Жүргізуші Мадияр Оспанов тәртіп сақшыларына жедел көмек көрсеткендері үшін алғыс айтып, жолға шықты.
– Полицейлердің УАЗ қызметтік көлігі көмек көрсету үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Соның арқасында біз қауіпсіз жерге шықтық. Далада нөсер жаңбыр астында түнемедік, – деп атап өтті Мадияр Оспанов.
Полиция жүргізушілерге сақтық шараларын сақтау және әсіресе түнде, жолды қысқартпау керектігін тағы бір рет ескертеді.