Жамбыл облысында көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші құрықталды
Жамбылдық полицейлер көлік басқару құқығынан айырылып, қайта рөлге отырған мас жүргізушіні жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысында жол-көлік оқиғаларының санын азайту, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында мас күйінде жүргізушілерді анықтау мақсатында жергілікті пысықтау жүргізіліп жатыр.
5 тамыз күні сағат 01:40 шамасында Шу қаласының көшелерінің бірінде полицейлер жол ережесін бұзған Lexus көлігін байқаған.
Автопатруль экипажының инспекторлары жүргізушіден тоқтауды сұраған, алайда ер адам тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынбай, жоғары жылдамдықпен жүруді жалғастырған.
Полицейлер жүргізушіні қуып жетіп, көлікті тоқтатқан. Құжаттарды тексеру кезінде көлік тізгінінде Мойынқұм ауданының 52 жастағы тұрғыны екендігі анықталды. Ер адам аяғында әрең тұрған, оның мас болуының айқын белгілері болған.
Медициналық сараптама оның көлікті мас күйде басқарғанын растады.
– Биылғы жылдың қаңтар айында құқық бұзушы сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Автокөлік автотұраққа қойылды, – дейді Шу АПБ ЖПҚб бастығының орынбасары Әділхан Базарбаев.
Жамбыл облысының полиция департаменті мас жүргізуші туралы «102» пультіне немесе Instagram желісіндегі «zhambyl_police» ресми парақшасына жазу арқылы хабарлауға болатынын жеткізеді. Барлық алынған хабарлар бойынша полиция қажетті әрекет ету шараларын қабылдайды.