Газ плитадан 65 орама табылды: Шымкентте есірткі қойып кетуші ұсталды
Шымкентте есірткі қойып кетуші ұсталды. Үйін тінту барысында газ плитаның ішінен 65 орама табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Hyundai Elantra көлігін тізгіндеген ер адам қаланы аралап, есірткі жасыратын орындар іздеген. Полиция департаментінің есірткімен күресушілері оған қалыпты «жұмыс істеуге» мүмкіндік бермеді.
Есірткі қоюшының көлігін тәртіп сақшылары Қаратау ауданындағы көшелердің бірінде тоқтатты.
Полицейлер автокөліктің ішін тексеру барысында скотчпен оралған синтетикалық есірткінің 49 дозасын тапты.
Бұдан әрі, ұсталған адамның жалдамалы пәтерінен есірткі заттарын буып-түюге арналған құралдар мен таразылар, сондай-ақ ұнтақ тәрізді заттар салынған 65 орама табылды. Ер адам есірткі орамдарын жасыру мақсатында газ плитасына тығып қойған.
Аталған жайт бойынша Қаратау АПБ Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі «аса iрi мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» бойынша қылмыстық іс қозғады. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттар «мефедрон» болып шықты. Күдікті Түркістан облысының тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдағы уақытта жинақталған іс құжаттар сотқа жолданады», – деді тергеуші Нұрислам Есенбеков.
Сондай-ақ, полиция қызметкері аталған қылмысты жасау 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғатынын атап өтті.