Ақтауда синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен екі адам ұсталды
Маңғыстау облысында 2 қазанда "Қарасора" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында полиция қызметкерлері басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, синтетикалық есірткі заттарының заңсыз айналымының жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтау қаласының 32-шағын ауданында синтетикалық есірткіні аса ірі мөлшерде заңсыз айналымға шығарды деген күдікпен екі ер адам ұсталды.
Жеке тінту және олардың уақытша тұратын мекенжайында жүргізілген тергеу іс-шаралары барысында синтетикалық тектес зат салынған көптеген орама, электронды таразылар, қаптама материалдары және тергеу үшін маңызы бар өзге де заттар табылып, тәркіленді.
Сонымен қатар қаланың бірнеше шағын ауданының аумағын тексеру барысында полицейлер осыған ұқсас зат жасырылған жасырын орындарды анықтады.
Барлығы жалпы салмағы шамамен 200 грамм болатын синтетикалық есірткі заты салынған 41 орама тәркіленді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
