Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкенттік полиция қызметкері: «Жолдан өтетін әр бала үшін ана жүрегім алаңдайды»

Шымкенттік полиция қызметкері Асылзада Алдабергенова Polisia.kz сайтының тілшісіне қызметі жайлы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ел аумағында 1 қыркүйектен бастап ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері күшейтілген күн тәртібінде жұмыс істеп жатыр. Себебі республика көлемінде балалардың қауіпсіздігі мен олардың арасында болуы мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр.

Осыған орай, қала аумағындағы мектептерге бекітілген инспекторлардың жұмыс уақыты өзгелерден ертерек басталып, кеш қарайғанда бірақ аяқталады. Сол еңбек адамдарының бірі – полиция қызметкері Асылзада Алдабергенова. 34 жастағы келіншектің 2 ұлы, 3 қызы бар. Ол Шымкент қалалық ПД Қаратау АПБ-ға қарасты ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы қызметін атқарады.

Асылзада ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2007 жылдан бастаған. Бұған дейін Еңбекші аудандық полиция басқармасында тергеуші болып қызмет еткен. Погонды арудың отбасындағы тіршілік таңмен бірге басталады. Өйткені балалардың алды бастауыш сыныпқа барса, кейінгі егіз қыздар мен ағасы балабақшаға барады екен.

– Жұбайым екеуміз де жұмыста болғандықтан, балаларды қалдыратын ешкім жоқ. Өзім таңертеңнен мектеп алдына барып, оқушылардың жолдағы қауіпсіздігін күзетемін. Сондықтан балаларды алып кететін балабақшаның әкімдігімен де келісіп қойғанбыз. Таңғы сағат 07:00-де арнайы автобус бірінші біздің кішкентайларға келеді. Кешкісін барлығы әкесімен үйге қайтады. – дейді полиция қызметкері.

Өз ісіне жауапты, қызметіне тиянақты сақшы отбасы мен жұмысты қатар ұстайтынын, қызмет барысында әр балаға өз баласындай қарайтынын, әсіресе бүлдіршіндер жолдан өткенде олардан көз алмайтынын айтты.

– Ата-ананың баладан басқа байлығы жоқ. Сондықтан жолдан өтетін әр бала үшін ана жүрегім алаңдайды, – дейді шымкенттік полиция қызметкері Асылзада.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру