Жетісу облысында жүргізуші куәлігінен айырылған азамат қайта көлік тізгіндеген
Жетісу облысында жүргізуші куәлігінен айырылған азамат қайта көлік тізгіндеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Текелі қаласының полицейлері мас күйінде жол апатын жасаған 36 жастағы Opel Vectra автокөлігінің жүргізушісін қамауға алды. Жол апатын тіркеу кезінде ер адам бірнеше күн бұрын көлік жүргізу кезінде ішімдік ішкені үшін жауапқа тартылғаны белгілі болды.
– Жол көлік оқиғасына кінәлі азаматты бұрын көлікті мас күйінде басқарғаны үшін Кербұлақ ауданында облыстық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері ұстағаны анықталды. Алайда сот ер адамның жас баланы жалғыз тәрбиелеп отырғанын ескеріп, оны 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырумен ғана шектелді. Сол кезде ол қамауға алу түріндегі жазадан құтылып кетті. Салдарынан, ер адам тиісті қорытынды жасамай, қайтадан мас күйінде аса ауыр құқық бұзушылық жасады, – деп хабарлады Текелі полициясы.
Жол апатына кінәлі азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабына (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Ер адам қамауға алынды, ал оның кішкентай баласы әзірге туыстарына тапсырылды.