Қызылорда облысының тұрғыны ауылдасының мың бума жоңышқасын өртеп жіберген
Қызылорда облысының тұрғыны ауылдасының мың бума жоңышқасын өртеп жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаментінің Жалағаш аудандық полиция бөліміне Т.Жүргенов ауылының тұрғынынан арыз түсті. Онда мал қорада тұрған мың бума жоңышқа шөбін белгісіз біреудің өртеп жібергені туралы айтылған.
Қыс мезгіліне алдын ала дайындалған ауыл тұрғынына келтірілген шығын көлемі шамамен – 1 млн теңге. Аудандық тәртіп сақшыларымен жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде бұл қылмысқа күдікті ретінде сол ауылдың 29 жастағы тұрғыны ұсталды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 202-бабының 2-бөлігімен тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.