Қызылорда облысында 8 ата-ана сот құзырымен ата-аналық құқығынан айырылды
Қызылорда облысында 8 ата-ана сот құзырымен ата-аналық құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылық пен қылмыстардың профилактикасы Қызылорда облысы полиция департаментінің басым бағыттарының бірі.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр.
Кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу бағытында қызылордалық полицейлермен тиісті жұмыстар атқарылды.
Облыс көлемінде кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын-алу мақсатында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Бала-Заң-Қауіпсіздік» атты жедел профилактикалық іс-шаралары, «Мен және менің полицейім», «Абайлаңыз балалар» атты акциялар өткізілді.
Нәтижесінде 6251 құқық бұзушы ішкі істер органдарына жеткізілсе, оның ішінде 231-і кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жатқызылды, 53 жасөспірім қылмыс жасағандары үшін ұсталды. Сондай-ақ түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде жүрген 4700 кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қызылорда облысындағы қоғамдық орындар мен көшелерде, түнгі клубтарда, дискотекаларда, кафе-барлар мен мейрамханаларда мектеп оқушыларының түнгі жүрістерін ырықтау, бей-берекеттіліктің алдын алу, олар тарапынан түн мезгілдерінде орын алатын құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында күнделікті кешкі сағат 22:00-ден бастап рейдтік шаралар жүргізіліп жатыр.
Әрбір рейдтер бойынша ата-аналар мен жасөспірімдер арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Рейд барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 112 кәсіпкер, кәмелеттік жасқа толмағандарға және кәмелетке толмағандардың темекі бұйымдарын сату дерегі бойынша 6 тұлғаға, жасөспірімге алкоголь өнімін сатқаны үшін 9 сатушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Балалардың тәрбиесімен айналыспай, ата-аналық міндеттерін орындамаған 8 ата-ана сот құзырымен ата-аналық құқығынан айырылса, 6 ата-ананың ата-аналық құқығы шектелді. 5 кәмелетке толмаған облыстық девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатына және 2 жасөспірім «Абай облысының ерекше режимде ұстайтын арнайы мектеп-интернатына» орналастырылды.