Астанада тұрғынды телефонсыз қалдырған азамат құрықталды
Өзгенің телефонын алаяқтықпен иемденіп алған елордалық тұрғын құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға қала тұрғыны жүгініп, алаяқтық қылмысының құрбаны болғанын хабарлаған. Жәбірленушінің айтуынша, интернет-дүкеннен телефонға тапсырыс беріп, ақшасын төлеген, алайда тауарды алмаған.
Есіл ауданы ПБ полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде алаяқтық жолмен Iphone 14 телефонын иемденген қаланың 22 жастағы тұрғынын анықтады. Тергеу барысында ер адамның Telegram қосымшасындағы электронды техника сататын дүкен мен жәбірленушінің арасында заңсыз делдал болғаны анықталды.
Аталған дүкеннің атын жамылып қаскүнем гаджеттерді сату туралы жарнама жасаған. Алаяқтың қармағына ілінген клиенттен қаскүнем телефонның ақшасын алып, интернет-дүкенге өз атынан тапсырыс берген. Осылайша, алаяқ жеткізіп беру қызметіне өзінің мекенжайын беріп, жәбірленушіні 430 мың теңге тұратын жаңа гаджетсіз қалдырған.
Аталған фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.