Шымкент полициясы жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр
Шымкент полициясы жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары аясында, сондай-ақ білім беру мекемелеріндегі нашақорлықтың алдын алуға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес, мүдделі қызметтердің қатысуымен қаладағы білім беру мекемелерінде нашақорлықтың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
М.Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжінде өткен іс-шараға Шымкент қаласының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Бауыржан Карбеков қатысты.
Бауыржан Карбеков жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, интернет-дүкендердің әкімшісі болу және есірткі жасыруға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленгенін ескертті. Сондай-ақ есірткіге жолағандардың тағдыры туралы нақты мысалдар келтіріп, қылмыстан аулақ болуға шақырды.
Бұған қоса, жас жігіттерге ағалық ақылын айтып, мақсатқа ұмытылуға, салауатты өмір салтын ұстануға және жақындарың сенімен мақтанатындай жақсы өмір сүруге насихаттады.
Жиын соңында студенттер өздерін мазалаған әртүрлі сауалдарды қойып, нақты жауап алды.