Қызылордалық полицейлер өзгенің көлігін заңсыз иемденген азаматты құрықтады
Қызылордалық полицейлер өзгенің көлігін заңсыз иемденген азаматты құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері бөтен көлікті айдап кеткен 26 жастағы қала тұрғынын ізін суытпай құрықтады.
Анықталғандай, 23 қазан күні жедел басқару орталығының «102» арнасына қала тұрғынынан белгісіз біреулер көпқабатты үйінің ауласында тұрған Daewoo Nexia автокөлігін белгісіз бағытқа айдап кеткендігі жөнінде хабарлама түскен.
Дер кезінде барлық патрульдік қызметтерге ұрланған автокөлік бойынша бағыт-бағдар жіберілді. Кезекші тәулікте полицейлердің кәсібилігі мен іс-әрекеттерінің нәтижесінде бұрын сотты болған күдікті ұсталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабының 1-бөлігі (Автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену (айдап әкету) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды.