Павлодар облысында жалған полицей ұрлық жасаған
Павлодар облысында жалған полицей ұрлық жасаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының жедел уәкілдері Алматы қаласында павлодарлықтардың мүлкін иемденудің айла-тәсілін ойлап тапқан ШҚО-ның 33 жастағы тұрғынын ұстады.
Анықталғандай, полиция формасын киіп, ер адам қала тұрғындарының сеніміне кіріп, қылмыс жасады.
– Азаматтар полиция қызметкері түріндегі адамды көріп, оның күдікті болуы мүмкін екенін түсінбей, оған сенеді. Жалған полиция қызметкері полицейдің қызметтік формасын өз пайдасына жарату мақсатта пайдаланды, – дейді Павлодар облысының полиция департаменті.
Мәселен, 26 қазанда Павлодар қаласының полициясына 63 жастағы зейнеткер келіп, 5 қазанда хабарландыру бойынша оған Асхат есімді жігіт жүгінгенін мәлімдеді. Жігіт Павлодар қаласына оқуға келгенін және бөлмені шұғыл жалға алу керектігін түсіндірген. Ол әйелге күмән келтірмеді, өйткені ол полиция подполковнигі түрінде келіп, сенімді болу үшін қызметтік куәлігін көрсеткен. Тура 20 күннен кейін ер адам пәтерді тастап, үй иесінің құны шамамен 700 мың теңгені құрайтын күзен пальтосын ұрлап кеткен.
29 қазанда полицияға 20 жастағы павлодарлық келіп, 4 қыркүйекте сағат 03:00 шамасында беймәлім адам жатақхана бөлмесінен 50 мың теңге сомасында ақша ұрлағанын түсіндірді.
– Ұрлық фактілері бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін бұрын сотталған күдікті Павлодар қаласы ПБ УҰИ-не қамауға алынды. Заттай дәлелдемелер толық көлемде тартып алынды. Құқықтық тәртіп сақшылары оның Павлодар облысының аумағында жасалған басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр, – дейді полиция.
Сондай-ақ алаяқтан полицияның толық жабдықтары: формасы, еркін сатылымда сатып алған куәліктері табылды.
Полиция осы адамның іс-әрекетінен зардап шеккендердің барлығынан Павлодар қаласы ПБ Солтүстік полиция бөліміне Астана көшесі, 55 мекенжайы бойынша өтініш беруін немесе «102» телефоны бойынша қоңырау шалуын сұрайды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы Қылмыстық процессуалдық кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам өзінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін қылмыс жасағаны үшін кінәсіз деп есептеледі.