Ұлытау облысында "Жолда жүру қауіпсіздігінің апталығы" іс-шарасы өтіп жатыр
Ұлытау облысы полиция департаментінің қызметкерлерімен облыс аумағында 13 және 19 қараша аралығында Республикалық кең ауқымды "Жолда жүру қауіпсіздігінің апталығы" іс-шарасы өткізіліп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын алдын алу, қала көшелері мен жолдарында балалардың қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын бекіту, сондай-ақ балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында Ұлытау облысы ПД жергілікті полиция қызметі мен әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері "Қамқор ана" байқауын ұйымдастырды.
Бүгін Жезқазған қаласындағы №11 орта мектепте ата-аналардың қатысуымен іс-шара ұйымдастырылды. Балаларға жарық шағылыстыратын элементтермен безендірілген киімдерді ұсынып, жол ережесін сақтау жайлы мәліметтер берілді.
- Балалардың жолдағы қауіпсіздігін қадағалау мақсатында, күнделікті киімінде жарық шағылыстырғыш элементтерді қолдану кешкі мезгілде көлік жүргізушілерге жаяу жүргіншілердің жүру бөлігіндегі балаларды көруге мүмкіндік береді, - дейді облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Арман Әбілқасымов.
"Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы" іс-шарасының жеңімпаздары мен қатысушылары грамоталармен марапатталды.