Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы өтті
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ республика бойынша жолдардағы өлім-жітім деңгейіне қоғамның назарын аудару мақсатында 13-19 қараша аралығында «Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы» республикалық акциясы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жолдардың қауіпті учаскелерінде полиция қызметкерлері «Көзге көрініп жүр» акциясын өткізді, оның барысында жаяу жүргіншілерге олардың жол жүрісі қағидарларын сақтауы, балалардың жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалануы туралы айтылды.
15 мыңнан астам жадынамалар мен буклеттер, 20 мыңнан астам фликерлер таратылды.
– Сондай-ақ адамдар көп жүретін жолдарда «Сіздің жолаушыңыз – бала» акциясы өткізілді. Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауды, балаларды тасымалдау кезінде оларды ұстау құрылғыларын пайдалануды ескертіп, профилактикалық жұмыстарға ерекше назар аударды, – деп хабарлады ІІМ әкімшілік полиция комитеті.
Одан бөлек жол апаттарында зардап шеккендерге қолдау көрсету үшін қан тапсыру акциясы және мектепке дейінгі мекемелердің дайындық топтарының тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушылары арасында «Жүргізушіге хат» байқауы ұйымдастырылды.