Алматы облысының полицейлері қарулы ер адамды анықтады
Алматы облысының полицейлері қарулы ер адамды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 қараша күні сағат 16:30 шамасында Алматы облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Талғар ауданы ПБ КПБ-мен бірлесіп, «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде құжаттарды тексеру үшін 19 жастағы жігітті тоқтатқан. Тексеру кезінде ұсталған адамнан тегіс ұңғылы шолақ қару табылып, тәркіленді.
– Аталған дерек аудандық полицияда ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлімінде (Қаруды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша тіркелді, – дейді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.
Сыртқы белгілері бойынша ұсталған адам деструктивті діни ағым өкілі екенін айта кеткен жөн.
– Қазіргі уақытта фактінің барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету үшін сараптамалық тексерулер тағайындаумен тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деп Бауыржан Әленов өз сөзін түйіндеді.