Бес қызылордалықты 2,5 млн теңгеге алдаған күдікті құрықталды
Бес қызылордалықты 2,5 млн теңгеге алдаған күдікті құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық полиция басқармасына облыс орталығының 49 жастағы тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, бір құрылысшы арзан бағамен жөндеу жұмыстарына көмектесуге уәде берген. 550 мың теңге көлемінде алдын ала төлем алып, уәдесін орындамаған. Телефонға жауап бермей, қашып жүрген.
Кейіннен полицияға тағы да төрт тұрғын арызданды. Олар да дәл осындай тәсілмен алданған: белгісіз азамат алдын ала ақша алып, үй салуға уәде берген. Алайда уақыт өте уәдесін орындамай, “ізін суытқан”.
Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 2,5 млн теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер қаланың 27 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті қамауға алынды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр.