Қызылордада пробация есебіндегі 36 азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алған
Қызылордада жыл басынан бері пробация есебіндегі 36 азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда обысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметтерінің есебіндегі азаматтар арасында жеке кәсіп ашқандар бар. Олардың бірі мал шаруашылығымен, бірі құс шаруашылығымен, көлік дөңгелегін жөндеу және желімдеу орталығын ашып, кәсіптерін дөңгелетіп жатыр.
Олар пробациялық бақылауға тіркелген күннен бастап, кәсіп ашуға ниетті екендіктерін білдірген. Пробация инспекторларының көмегімен құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, құжаттары жинақталып, жергілікті атқарушы органдарға жіберілген. Алдымен «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негізінде Атамекен кәсіпкерлік палатасында оқытылған. Одан соң өздері бизнес жоспарларын дайындап, комиссия мүшелеріне ұсынған, нәтижесінде бизнес жоспарлары мақұлданып, 1 млн 380 мың теңге көлемінде мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант ұтып алды.
Солардың бірі Е.есімді азамат мемлекеттен алған қайтарымсыз қаражатқа көлік дөңгелектерін жөндеу, желімдеу орталығын ашқан. Өзінің айтуынша, қаражатқа қажетті заттарды алған.
– Қаражатты алған соң ойланбастан көлік дөңгелегін жөндеу, желімдеу орталығын аштым. Қыс мезгілі болғандықтан көлік дөңгелектерін ауыстыру, босатып алу, жел үру сияқты жұмыстар қызып жатыр. Сонымен қатар дөңгелек камераларын желімдеу, дөңгелек қысымын өлшеу қызметтері де бар. Күніне шамамен 20 -25 көлік келеді. Шүкір, бүгінде жұмысым алға басып келеді. Осы ашқан кәсібіммен отбасымды асырып отырмын. Ең бастысы – келушілердің көңілінен шықсақ болғаны, – деді есептегі азамат.
– Мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай көмектер пробация қызметі есебіндегі азаматтарды қайта әлеуметтендіруге зор көмегін тигізуде. Жыл басынан пробация есебіндегі 36 адам қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр, – дейді пробация қызметтеріне басшылық жасау тобының бас маманы Ғаламат Құлманов.