Ұлытау облысының тәртіп сақшылары балалар үйіне барып қайтты
Тәртіп сақшылары Жезқазғандағы балалар үйіне барып, бүлдіршіндерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияның басты міндеттерінің бірі – балалардың, жасөспірімдердің құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және қайта тәртіп бұзушылыққа жол бермеу, сондай-ақ профилактикалық шараларды жүргізу.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында тәртіп сақшылары облыстық полиция департаментінің басшылығының ұйымдастыруымен Жезқазған қаласындағы балалар үйіне барып, жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Балалар – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Балаларға жарқын, көңілді, бақытты балалық шақ, мейірімділік пен жылулық тілейміз! Аман-есен ер жетіп, еліміздің елеулі азаматтары болуларыңызға тілектеспіз, – деді Ұлытау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Ысқақов. Іс-шарада полиция қызметкерлері балаларға ойыншықтар, тәттілер және қажетті заттарды сыйлады.