Алматыда жазасын өтеп жатқан балалар Жаңа жыл мерекесін атап өтті
Алматыда жазасын өтеп жатқан балалар Жаңа жыл мерекесін атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №11 мекемесінде жазасын өтеп жүрген кәмелетке толмаған сотталғандардың асыға күтетін мерекелерінің бірі – Жаңа жыл мерекесі.
Аталған мереке «Қылмыстық-атқару мекемелеріндегі жағдайды сауықтырудың 2023-2025 жылдарға арналған жол картасын» іске асыру аясында ұйымдастырылды. Қызылды-жасылды ойыншықтармен безендірілген шырша мерекесінің беташарын мекеме бастығы Мирас Төлубаев құттықтау сөзбен ашты.
– Жаңа жыл шыршасы, әсіресе, балалар үшін қызық мереке. Олардың асыға күтетіндері де жаңа жылдық сыйлық екені сөзсіз. Келе жатқан ұлу жылын осындай көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған балалар жыл бойы жақсы көрсеткіштерге жетуге құлшынады. Ал мұндай құлшыныс олардың мекеме тәртібін бұзбай, тезірек бостандыққа шығуларына кепілдік береді, – деді өзінің құттықтау сөзінде мекеме басшысы.
Балалар үшін ең көңілді сыйлық – Қазақ мемлекеттік цирк әртістерінің өнері болды. Мерекелік концерттің репертуарындағы небір таңғажайып номерлерге, әртістердің шеберлігіне тек балалар ғана емес, мерекеге қатысушы ересектер де дән риза болды. Цирк әртістері өздері ғана өнер көрсетіп қоймай, жазалы жасөспірімдерге қызық ойындар ойнатып, флешмоб билетті.
Мереке соңында Алматы қаласы Жетісу ауданының прокуроры, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары, Алматы қалалық адвокаттар алқасы мен ҚР Қызыл жарты ай қоғамдық қорының өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, жасөспірімдерге жаңажылдық сыйлықтар үлестірді.