Талдықорғанда жүргізуші куәлігінен айырылған мас азамат қайта көлік тізгіндеген
Талдықорғанда жүргізуші куәлігінен айырылған мас азамат қайта көлік тізгіндеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 қаңтарда облыс орталығын патрульдеу кезінде «Бүркіт-173» экипаж қызметкерлері Ақбастау көшесімен келе жатқан Mitsubishi Galant автокөлігінің жүргізушісін мас халде болуы мүмкін екеніне күмәнданды.
Жүргізуші патрульдік полиция қызметкерлерінің тоқта деген талабын елемей, керісінше қуғын-сүргіннен жасырынуға тырысып, бағдаршамның тыйым салатын сигналдарына қарамастан, аса жылдамдықпен көше қиылыстарынан өтті. Бұл әрекет сәтсіз аяқталып, құқық бұзушы бірнеше көшелерден кейін полицейлермен ұсталып, қалалық полицияға жеткізілді.
– Ұсталған жүргізуші 2021 жылы Ақсу аудандық сотының үкімімен екі жарым жыл мерзімге бас бостандығын шектей отырып, өмір бойы жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, көлік құралын басқарған Талдықорған қаласының 34 жастағы тұрғыны болып шықты. Медициналық сараптаманың нәтижесіне сәйкес, құқық бұзушы көлікті жеңіл дәрежедегі мас күйінде басқарған. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, автокөлік арнайы тұраққа орналастырылды,– деді Талдықорған ҚПБ бастығының бірінші орынбасары Дамир Қонаев.
Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері ҚР ҚК 346-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Құқық бұзушы нақты бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.