Қызылордада полицейлер болашақ түлектерді ҚР ІІМ заң институтына оқуға шақырды
Қызылорда облыстық ПД-да департамент бастығының орынбасары Әміржан Утегенов, тәрбие және кадр жұмысы басқармасы қызметкерлерінің және ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты өкілдерінің қатысуымен бірлескен ауқымды шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараға облыс орталығының 300-ден астам оқушы қатысты. Ақтөбе заң институтының білікті арттыру және кадрларды қайта даярлау факультетінің бастығы Ерболат Қайнар және аға оқытушы әдіскері Берік Уаисов болашақ түлектерге үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, аталмыш оқу орнында білім алуға кеңес берді.
Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты – ішкі істер органдары үшін кадрлар даярлауды жүзеге асыратын жоғары арнаулы оқу орны. Оқуға 16 жасқа толған, орта және арнайы орта білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
Оқу орнын бітірген соң түлектерге жоғары білім дипломы және полиция лейтенанты арнайы атағы беріледі.
Заң институтының өкілдері талапкерлерге қажеттi маңызды мәлiметтер берiп, аталған институтта оқудың артықшылықтарына тоқталып өтті. Мектеп бітіруші түлектермен пікір алмасып, ойларымен бөлісті. Сонымен қатар оқушыларға аталған оқу орнына қабылдау тәртібі мен шарттары жан-жақты түсіндірілген буклеттер таратылып, бейнеролик көрсетілді.