Өткен жылы СҚО-ның ювеналды полицейлері мыңнан астам рейд жүргізді
Өткен жылы СҚО-ның ювеналды полицейлері мыңнан астам рейд жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ювеналды полицейлердің статистикасына сәйкес, өткен жылы кәмелетке толмаған солтүстікқазақстандықтар 50 қылмысқа жол берген. Олардың негізгі түрі – ұрлық, 21 факті тіркелген. Сондай-ақ полицейлер бопсалады деген күдікпен 6, 5 бұзақылық, 2 тонау және басқа да заң бұзушылықтар жасаған кәмелетке толмаған күдіктілерді ұстады. Жасөспірімдер қылмысының негізгі себептерінің қатарында тәртіп сақшылары балалардың қараусыз қалуы мен төмен құқықтық сауаттылықты атап өтеді.
Жасөспірімдер ортасында қылмыстың алдын алу үшін полицейлер үнемі рейдтік іс-шаралар өткізеді. Бір жыл ішінде облыс орталығы мен аудандардың ювеналды полиция бөлімшелері өзге полиция қызметтерінің қатысуымен 1078 рейд пен 49 жергілікті пысықтауды жүзеге асырды. Екі рет «Жасөспірім» және «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шаралары, бір рет – «Мектеп» ЖПІШ өткізілді. Нәтижелері бойынша ойын-сауық орындарының 32 иесі кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз болуына жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жасөспірімдердің түнгі көшелерде серуендегені үшін 2577 ата-ана, тағы 237 адам кәмелетке толмаған балалардың ішімдік ішкені үшін жауапқа тартылды.
– Оқу орындарында ювеналды полицияның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері құқықтық тақырыпта 3 мыңға жуық кездесу ұйымдастырды. Жылдың ерекшелігі – бұл жұмысқа департамент басшылығы қатысты. СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов, оның орынбасарлары, басқарма басшылары солтүстікқазақстандықтарға заңнама нормалары, оларды бұзғаны үшін жауапкершілік туралы айтып берді. Бұл полиция қызметіндегі алдын алудың шешуші маңыздылығын көрсетеді, – деді СҚО ПД ЖПҚ басқарма бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.
Кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторлар педагогтармен және мектеп психологтарымен тығыз жұмыс істейді, тұрмысы қолайсыз отбасыларды тексереді. Бүгінде облыста кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді атқармайтын 113 ата-ана мен 32 жасөспірім есепте тұр. Олармен жеке жұмыс жүргізіледі.