Қызылорда облысының бас полицейі өткен жылды қорытындылады
Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов жедел кеңес өткізіп, өткен жылды қорытындылады. Кеңесте келелі мәселелер қаралып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Департамент қызметкерлері қоғамдық орындардағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қылмысты болдырмау бойынша тиісті жұмыстар атқаруда. Осы жедел алдын алу шараларының арқасында өткен жылы құқық бұзушылықтар, оның ішінде қылмыс және теріс қылықтар, аса ауыр санаттағы қылмыс түрлері, бөтен мүлікті ұрлау, оның ішінде телефон ұрлығы, мал ұрлығы, алаяқтық, интернет-алаяқтық, тонау, қарақшылық және бұзақылық қылмыстарының тіркелуі төмендеді. 10 мың тұрғынға шаққандағы құқық бұзушылық деңгейі 8,6%-ға азайды. Қабылданған профилактикалық шаралардың нәтижесінде қоғамдық орындарда, көшелерде және қарумен жасалған қылмыстың саны азайды.
– Жүйелі жұмыс нәтижесін көрсетті. Жедел жағдайдың тұрақтанып, құқық бұзушылықты тіркеу саны төмендеді. Халыққа елеулі қаржылай шығын келтіретін алаяқтық қылмысы 2,9 %-ға төмендеді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тергеу барысында жәбірленушілерге 17 миллион теңгеден астам материалдық залал өтелді.
Қоғам дертіне айналған нашақорлық мәселесі бүгінде өзекті. Мәселенің алдын алуда ұдайы профилактикалық іс-шараларды жүргізіп келеміз. Тұрғындарға нашақорлық және есірткі туралы толық мағлұмат беріп, адамзат ұрпағына төніп тұрған зиянды әдеттердің зардаптарын түсіндіріп, олардан аулақ болуға шақырамыз. Бұл мақсатта департамент қызметкерлерімен есірткінің заңсыз айналымымен күрес бағытында кең ауқымды жедел шаралар өткізілді. Нәтижесінде 2 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 137 келі марихуана тәркіленді, – деді департамент бастығы.
Сонан соң өңірдің бас полицейі жедел кеңесте Мемлекет басшысының қатысуымен ІІМ алқа отырысында қойылған басты талаптар мен берілген тапсырмаларды барлық құрылым басшыларына жеткізді.
Сонымен қатар қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеруге тиіс екенін, халыққа үлгі-өнеге болуы керектігін айтты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, балалар қауіпсіздігі, есірткінің таралуына батыл түрде тосқауыл қою, киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күрес шараларын күшейту жөнінде тапсырма берді. Кеңес барысында департамент бастығының орынбасарлары жетекшілік ететін салалары бойынша баяндама жасап, қызмет басшыларының есебі тыңдалды.
Жиында полицияның жұмысын жақсарту, ішкі істер органдарын цифрландыру, полицияны халыққа жақындату, оң имиджін нығайту, халықтың сенім деңгейін арттыру және полиция қызметінің өзекті мәселелері туралы халықты жан-жақты және шынайы ақпараттандыру, полиция қызметін жетілдіру бағытындағы шаралар жөнінде сөз қозғалды.
Полиция департаментінің бастығы жедел қызметтік жұмыстарды қорытындылап, алдағы уақытта бұл жұмыстардың тиімділігін арттыру, сын-ескертпелер мен жаңа бағыттағы жұмыстар бойынша талап қойып, нақты шараларды белгіледі.
Құқықтық тәртіп деңгейін одан әрі арттыруға, азаматтардың полицияға деген сенімін нығайтуға, қоғам тыныштығын қамтамасыз ету мақсатындағы басым бағыттарды жауапкершілікпен атқаруды тапсырды. Жедел кеңесте қызмет басшыларына берілген тапсырмалардың орындалуын департамент бастығы ерекше бақылауға алды.