Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысы әкімінің төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтті

Кеңейтілген мәжілісте Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы М.Аблазимов жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы шаралар туралы баяндады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында кеңейтілген мәжіліс өтті. Жіті қаралған мәселе – бала тәрбиесі, олардың қауіпсіздігі мен кемел болашағы. Бүгінгі қоғамның көкейкесті мәселесіне арналған бұл мәжіліс Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимовтың арнайы ұсынысы негізінде өткізілді.

Мәжіліске облыстық мәслихат төрағасы, барлық құқық қорғау органдарының басшылары, қала және аудан әкімдері, аумақтық департамент және басқарма басшылары, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, қоғамдық кеңес, ардагерлер, ата-аналар комитетінің өкілдері және облыстағы білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі өзекті мәселе бойынша полиция департаментінің бастығы баяндама жасап, алдын алу бағытындағы шараларға жіті тоқталды.

– Жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылық пен қылмыстардың профилактикасы Қызылорда облысы полиция департаментінің басым бағыттарының бірі.

Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – жас өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мақсатта біз облыс әкімінің қатысуымен және қолдауымен тиісті шаралар қабылдап жатырмыз. Әрбір шара құқық қорғау органдарының өкілдері, Ардагерлер кеңесі, ата-аналар комитетінің қатысумен өтіп, жан-жақты талқыланып, әр сала өкілдері пікірлерін ортаға салады. Облыс көлемінде қабылданған шараларға қарамастан, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар саны артты.

Өткен жылы аймақта 68 қылмыс жасөспірімдермен жасалды, 84 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 24-і орта мектеп оқушысы, 52-сі колледж студенттері, 8-і жұмыссыздар, – деп атап өтті департамент бастығы.

Алдын алу бағытында тұрақты түрде «Бала – Заң – Қауіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Мектеп» жедел профилактикалық шаралары және «Мен және менің полицейім», «Абайлаңыз балалар» акциялары өткізілді. Сонымен қатар күнделікті «Түнгі қала», «Квадрат» рейдтері жүргізіледі. Профилактикалық шараларды күшейту нәтижесінде 6521 құқық бұзушылық анықталып, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 306 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылса, 345 жасөспірімге әкімшілік хаттама толтырылды.

Түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын-сауық және тұрғын жайдан тыс жүрген 5745 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Міндеттерін орындамаған 363 ата-анаға әкімшілік хаттамалар толтырылды.

7 ата-ана сот құзырымен құқығынан айырылса, тағы да 7-нің құқығы шектелді. Девиантты мінез-құлықты 5 жасөспірім мектеп-интернатына, ауыр қылмыс жасаған 3 кәмелетке толмаған Абай облысындағы ерекше режимдегі жабық интернатқа орналастырылды. Кәмелетке толмағанның түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 137 кәсіпкер, оларға темекі бұйымдарын сатқан 9 дүкен иелеріне әкімшілік хаттамалар рәсімделді.186 жасөспірім және 121 міндеттерін орындамаған ата-ана полицияның есебіне алынды.

Сөзін қорытындылай келе, Махсудхан Нұғманұлы жасөспірімдерге арналған үйірмелер, олардың қауіпсіз ортада уақытын пайдалы өткізуіне және дамуына мүмкіндік жасауға, одан бөлек құқықтық мәдениетті, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуді дамытуға бағытталған арнайы білім беру және кәмелетке толмаған құқық бұзушыларға, олардың ата-аналарына психологиялық көмектесуді қамтитын оңалту бағдарламаларын әзірлеуге ұсыныс енгізіп және алдағы уақытта да мүдделі құзырлы органдар бұл бағытта бірлесіп, жүйелі жұмыс жасайтынын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру