Астанада мас күйде клиенттің көлігін айдап кеткен азамат анықталды
Астанада мас күйде клиенттің көлігін айдап кеткен азамат анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы Алматы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері құны 3 млн теңге болатын Toyota Vitz автокөлігін ұрлауға қатысы бар 44 жастағы ер адамды ұстады. Сотқа дейінгі тергеу барысында көлік иесінің көлікті жөндеу үшін таныс автомастерге бергені анықталды.
Сеніп тапсырған танысы масаң күйде көлікті жүргізіп көргісі келіп қала ішін аралауға бел буған. Ол сол күні ұрлаған көлігімен жол-көлік оқиғасын жасап үлгерген. Алайда бұзақы ұзаққа бармай тәртіп сақшыларының қолына түсіп, қамауға алынған. Ер азамат бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылып, мас күйде жүргізгені үшін жауапқа тартылғаны да анықталған.
Қазіргі уақытта ұрлау және құқықсыз жүргізу фактісі бойынша оған қатысты екі қылмыстық іс қозғалды.