Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысының полицейлері қар құрсауында қалған 68 шетелдікке көмектесті

Ақтөбе облысының полицейлері қар құрсауында қалған шетелдіктерге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

7 ақпанда Ақтөбе облысы полиция департаменті патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Самара – Шымкент автожолында қолайсыз ауа райы жағдайында күшейтілген патрульдеу кезінде түнгі уақытта қарлы боранның салдарынан жолда қалған автобусты анықтады.

Тәжікстаннан Ресей Федерациясына бағыт алған автобус салқындатқыш жүйесінің ақауына байланысты Хромтау қаласының Ақжар ауылының маңында істен шыққаны белгілі болды. Қазақстан Республикасы азаматының басқаруындағы автобуста Тәжікстан Республикасының 68 азаматы, оның ішінде 14 әйел адам мен 4 кәмелетке толмаған бала болды. Патрульдік полиция жасақтары Ақжар ауылдық округі әкімімен бірлесіп, екі сағаттан астам уақыт бойы өз күшімен жолда қалған жолаушыларды эвакуациялау жұмыстарын жүргізіп, оларды үш шақырым қашықтықтағы жол бойындағы кемпингке жеткізді. Мұнда олар жылынып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

– Эвакуацияланған тұлғалардың ішінде медициналық көмекке мұқтаж адамдар болған жоқ, – деп атап өтті полицияда.

Айта кетейік, елімізде «Қауіпсіз жол» іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шараға 10 мыңға жуық полицей, оның ішінде патрульдік және учаскелік полиция инспекторлары және басқа қызметтер жұмылдырылды.

Барлығы 3 мыңға жуық автопатруль қызмет етіп жатыр, оның ішінде республикалық маңызы бар, облыстық, аудандық маңызы бар автожолдарда және қалалар мен елді мекендердің көше-жол желісінде.

Іс-шараның екі күнінде 28 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру