Маңғыстауда «Кибер-шериф» жүйесінің көмегімен 2500-ден астам құқық бұзушылық тіркелді
Маңғыстауда «Кибер-шериф» жүйесінің көмегімен 2500-ден астам құқық бұзушылық тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ұйымдастыруымен «Қорғау – қауіпті жүргізуші» арнайы құрылғысымен жұмысты дамыту әрі нығайту, патрульдеу барысында кездесетін мәселелерді шешу мақсатында жиын өткізілді.
Кездесуге облыстық ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары Т.Селбаев, патрульдік полиция батальоны және Мұнайлы ауданы полиция бөлімі ППР командирлері мен орынбасарлары, сондай-ақ «Sergek Mangystau» филиалының директоры Р.Абилхаиров қатысты.
«Қорғау – қауіпті жүргізуші» арнайы жүйесі патрульдік полицейлердің қызметтік планшеттеріне 2023 жылдың тамыз айынан бастап орнатылып, бүгінгі таңда орын алған әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтап, жауапкершілікке тарту бағытында жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар облысымызда автөлік құралдарының жылдамдықты асыру дерегін автоматты түрде анықтап, жол сақшыларына сол мезетте дабыл беру арқылы хабарлайтын «Кибер-шериф» құрылғысы да жол қозғалысын ұдайы бақылауда ұстайды.
Мәселен, қаңтар айынан бастап қазіргі уақытқа дейін өңірімізде «Кибер-шерифтің» көмегімен барлығы 2545 әкімшілік құқық бұзушылықтар тіркелді. Белгіленген жылдамдық режимін шамадан тыс асырған жүргізушілерге 30 млн. теңгеден астам айыппұл салынды.