СҚО-да полицейлер медициналық көмек қажет болған баланы ауруханаға жеткізуге көмектесті
СҚО-да полицейлер медициналық көмек қажет болған баланы ауруханаға жеткізуге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 ақпан күні кешке таман СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Арсен Домашенко мен Игорь Семин Жезқазған – Петропавл автожолында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген. Осы жолдың 950-шақырымында Toyota автокөлігінің жүргізушісі полицейлерге жақындағанда көліктің дабылын қайта-қайта басып, көмек сұрады. Көлік салонында әйел мен шұғыл медициналық көмекке мұқтаж екі жасқа да толмаған бала отырған. Тәртіп сақшылары бала мен әйелді қызметтік көлікке отырғызып, жарқылдауық маяктарын қосып, Петропавл қаласындағы облыстық балалар ауруханасына жеткізді.
– Қазір ұлымыздың жағдайы жақсы. Жігіттерге өте ризамыз! Қызметтеріңіз тыныш болсын. Сіздерге және жақындарыңызға денсаулық тілейміз, – деп баланың ата-анасы әлеуметтік желіде алғыс жариялады.
Мұндай оқиғалар жол үстінде жиі болып тұрады. Облыстық патрульдік полиция батальонында 5 жылдай жұмыс істеп келе жатқан Арсен мен Игорь осындай жағдайға тап болған облысымыздың бірнеше азаматына көмектесті. Сақшылардың айтуынша, адамдардың алғыс сөздері қызметті жақсы атқаруға итермелейді екен.