Павлодар полицейлері өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге көмек көрсетті
Павлодар облысында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі қызметкерлер өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдермен профилактикалық түсіндіру іс-шараларын жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Біз күн сайын бірнеше рет Павлодар қаласының дағдарыс орталығын паналап отырған әйелдермен кездесеміз. Олардың көбі отбасында зорлық-зомбылық көрген. Әрқайсысына ана мен балаға қатысты мәселелерде заңгерлік көмек көрсетіледі. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» ҚР заңнамасын түсіндіреміз, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексімен таныстырамыз. Сондай-ақ әйелдерді жұмысқа, балаларын мектепке және балабақшаға орналастыруға көмек көрсетеміз, – дейді Павлодар облысы ПД-ның ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айсұлу Салманова.
Жақында павлодарлық әйел полицияға хабарласып, жұбайының тарапынан үнемі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын айтып көмек сұрады. Туыстары жоқ екен. Балалармен қайда барарын білмейді. Тағы бір жағдайда полициядан жәрдемді 45 жастағы әйел сұрады. Күйеуі қайтыс болған, пәтері жалдамалы, ал өзі жұмыссыз болғандықтан пәтер ақысын төлей алмайтынын айтты.
– Әрбір жағдайды әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар жеке қарайды. Екі жағдайда да біз әйелдерге көмек көрсеттік. Бірінші кезекте оларды дағдарыс орталығына орналастырдық. Балалар балабақшаға және мектепке баратын болды. Ал әйелдерге ПИК-ке техникалық персонал ретінде жұмысқа орналасуға көмектестік, – деп атап өтті Айсұлу Бауыржанқызы.
– Полицияның көмегіне ризамын. Уақытша болса да, тұратын жерім бар. Ұлым мектепте оқиды және құрдастарымен араласады. Тіпті жақсы оқи бастады. Мен қазірдің өзінде жалақы алып отырмын, ұлыммен дүкенге барып қалағанын сатып аламын. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Өйткені мен бұрын ешқашан жұмыс істеген емеспін. Орталықта жүргенде мемлекет менің тағдырыма бей-жай қарамайтынын, қиын сәтте маған міндетті түрде көмектесетінін түсіндім, – дейді Гүлнәр есімді келіншек.
Тәртіп сақшылары ағымдағы жылы тұрмыс саласындағы заң бұзушылықтар үшін 1064 адам жазаланғанын атап өтті.