Алматыда полицейлер коммуналдық қызметтерге қаланы қардан тазалауға көмектесіп жатыр
Алматыда полицейлер коммуналдық қызметтерге қаланы қардан тазалауға көмектесіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалың жауған қарды тазалау кезінде патрульдік полиция полкі мен мамандандырылған батальонның 25 экипажы қар тазалау техникасына жол бастап жүрді. Мақсат – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын азайту және азаматтарға қауіпсіз жағдай жасау.
– Сонымен қатар қаланың негізгі магистральдарында кешкі уақытта қозғалыс қолмен реттеу арқылы қамтамасыз етілді. Соңғы тәулікте қалада барлығы 22 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қаза тапқандар жоқ. Толассыз жауған қар қаладағы жол жағдайын айтарлықтай қиындатқаны анық: кептеліс пайда болып, көліктердің жолда жүруі қиындады. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, көбінесе бұл құбылыстар жол қозғалысына қатысушылардың нашар тәртібінен туындайды: кейбір жүргізушілер жылдамдықты төмендетпейді, апаттық жағдайлар, қауіпті маневрлер жасайды, бір-біріне құрмет көрсетпейді, жаяу жүргіншілер дұрыс емес жерден жолдан өтеді. Осы факторлар жалпы жол жағдайына кері әсер етеді, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Ауа райының нашарлауына байланысты алматылық тәртіп сақшылары жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырады. Сондай-ақ полицияда жолдың қателікті кешірмейтінін еске салды.
Жол қозғалысы ережелерін сақтау – сіздің және жақындарыңыздың өмірінің қауіпсіздігінің кепілі!