Жетісу жастары арасында киберқылмыстың алдын алу бойынша іс-шара ұйымдастырылды
Жетісу облысының полициясы интернет-алаяқтық фактілерінің алдын алу және ескерту мақсатында Талдықорғанның барлық жоғары оқу орындары, колледждері мен орта мектептерінде профилактикалық іс-шаралар өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Интернет-алаяқтықтың негізгі түрлері, жасау тәсілдері және олардың жолын кесу әдістері туралы оқу орындарының басшыларымен, оқытушыларымен, сондай-ақ жастар активімен әңгіме жүргізілді.
– Диалог барысында нақты сайттарға сілтеме жасай отырып, буклеттер, брошюралар, басқа да көрнекі құралдар таратылды. Тұрақты профилактикалық жұмыс тұрғындарды сақтық шаралары туралы кеңінен ақпараттандыруға мүмкіндік береді, – дейді ПД КПБ бастығының орынбасары Мәди Бағдат.
Бүгінгі таңда әрбір оқу орнында IT-технологиялар және киберқауіпсіздік факультеттері бар, себебі қазіргі әлемде IT-саласындағы мамандықтар ең көп сұранысқа ие және перспективті болып саналады.
– Біз студенттер арасынан киберқылмыстың алдын алу бойынша құқық қорғау органдарына көмек көрсететін еріктілер клубын құру жөнінде ұсыныс жасадық. Ортақ күш-жігермен ғана азаматтардың ақпараттық және құқықтық сауаттылығын арттыра аламыз, – деп толықтырды М. Бағдат.
Полиция азаматтарды қырағы болуға және алаяқтардың айла-амалдарына түспеуге шақырады. Интернет кеңістігіндегі күмәнді қосымшаларға сенбеңіз. Шоттарыңыздағы ақша қаражаттарының түсімдері мен аударымдарын тексеріп отырыңыздар.