Полиция WhatsApp арқылы азаматтарды 1,5 млн теңгеге алдаған күдіктіні құрықтады
Жетісу облысының полициясы WhatsApp арқылы азаматтарды 1,5 млн теңгеге алдаған күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған тұрғыны WhatsApp мессенджерін пайдалана отырып, жасалған салымды екі еселеуге жалған уәде берген. Алаяқ WhatsApp арқылы топ құрып, аңғал азаматтарды сендірген. Банк картасының деректемелерін жібере отырып, ер адам құрбандарына он күннен кейін табыс келеді деп уәде берген.
– Өкінішке орай, азаматтардың арасында алаяқтың айла-амалдарына көніп, оның талаптарын орындап, қаражатты бірден аударғандар болды. Қысқа уақыт ішінде миллион теңгеге жуық кіріс алып, алаяқ материалдық пайда көру мақсатында, осындай тағы бір топ құрған. Бұл жолы ол 600 мың теңгеге байыған, – деп атап өтті Жетісу облысы ПД.
Полиция қызметкерлері алаяқты анықтап, ұстады. Талдықорған қалалық соты оны зардап шеккендердің барлығына өтемақы төлеп, үш жылға бас бостандығын шектеуге және жаза мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағатқа мәжбүрлі еңбек ету туралы үкім шығарды.
Өңір полициясы азаматтардан мұқият болуды және жеңіл ақша жоқ екенін ұмытпауды сұрайды.
– Ешкімге және ешбір жағдайда өзіңіздің жеке деректеріңізді және банк карталарыңыздың деректемелерін бермеңіз, аударымдар туралы түбіртектерді, әсіресе кодтар мен құпия сөздерді айтпаңыз. Тексерілмеген немесе күмәнді ақпарат көздеріне сенбеңіз. Күмән тудыратын мәмілелер бойынша аударымдар жасамаңыз және қаржылық схемалардан сақ болыңыз. Банк қызметтеріне кіру парольдерін үнемі өзгертіп отырыңыз, қауіпсіздік шараларын қолданыңыз және шоттарыңыздағы ақшаның қозғалысын тексеріңіз, – дейді полиция қызметкерлері.