Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Су тасқыны: Ақтөбеде ұландықтар 600-ден астам тұрғынды қауіпсіз жерге көшірді

Ақтөбеде ұландықтар су басқан аймақтан 600-ден астам тұрғынды қауіпсіз жерге көшірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елде күннің лезде жылынуына байланысты бірнеше елді мекендерді су басу қаупі төніп тұр. Солардың ішінде Ақтөбе облысының аудандары мен ауылдары да бар. Қазіргі таңда Ақтөбе шаhарының көшелері мен тұрғын үйлерін су шайып жергілікті халықты біраз әбігерге салды.

Бүгінде Ұлттық ұлан жауынгерлері Ақтөбе қаласының еріктілерімен, жергілікті басқару органдарымен бірлесіп түні бойы су басқан аймақтан азаматтарды қауіпсіз жерге эвакуациялау жұмыстарын жүргізді.

28 наурыздан 29 наурызға қараған түні Ұлттық ұланның Ақтөбе қаласында орналасқан “Батыс” өңірлік қолбасшылығына қарасты 6655 әскери бөлімінің 300-ден астам ұландық құтқарушы, сонымен қатар 10-ға жуық техника тұрғындарды эвакуациялауға жұмылдырылды.

Ұландықтар су басқан аймаққа келіп, дереу екі топқа бөлініп, бір бөлігі аудан тұрғындарын қауіпсіздік аймаққа көшіруге кіріссе, жеке құрамның екінші бөлігі қаптарға құм толтырып, су тасу қаупіжоғары аймақтарға бөгет қойды.

Ұлттық ұлан жауынгерлері 302 тұрғын үйді қарап, 600-ден астам тұрғынды аудан орталығында орналасқан №50 жалпы білім беру орта мектебіне көшірді.

– Ұландықтардың үйлесімді жұмысының арқасында біз табиғи апаттың салдарын азайта алдық. Жергілікті жерге келген бойда 50-ге тарта жауынгер аймақты қоршауға алып қауіпсіздікті қамтамасыз еттік. Қазіргі таңда қарапайым халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың мүліктерін ешқандай шығынсыз сақтап қалу үшін қажетті жұмыстар атқарылуда. Ұлттық ұлан әскерінің басты міндеті қарапайым халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді батальон командирі Сейітжан Қалбай.

Түні бойы кірпік қақпай құтқару жұмыстарымен айналысқан ұландық сарбаздарға жергілікті жердің тұрғындары олардың атқарған қызметтеріне жоғары баға беріп, ыстық ықластарын білдірді.  

Айта кетейік, жергілікті тұрғындардың мүліктерін тонаудың алдын алу мақсатында  ұландықтар ішкі істер органдарымен бірлесіп тұрғындар көшірілген аймақты қоршауға алды.  

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру