Ұландықтар су тасқынынан зардап шеккендерге күні-түні көмектесіп жатыр
ІІМ Ұлттық ұланының жауынгерлері су басқан аудандардың тұрғындарына көмектесіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысының төрағалығымен төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті.
– Қазір тиісті мекемелердің бәрі белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Бірқатар аймақты қарғын су басып қалды. Кейбір жерде тасқын су көтеріліп жатыр. Бұл – табиғи апат. Қысқасы, алдымызда тұрған жұмыс өте ауқымды. Бәріміз бір ел, бір ұжым болып осы апатты еңсеруіміз керек. Басқа жол жоқ. Тасқын судың салдарын жою үшін нақты шаралар қолға алынды. Қауіп-қатердің алдын алу жұмыстары атқарылуда, – деді Қасым–Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент су тасқыны жағдайы күрделі болып қала беретінін атап өтті. Мұндай көлемдегі су тасқыны 1994 жылдан бері болмаған, алайда қазіргі табиғи апат анағұрлым ауқымды болып отыр.
Қазақстан бойынша су тасқыны болған аудан тұрғындарына Ұлттық ұланның әскери қызметшілері түрлі көмек көрсетуде. Олар жергілікті халықты табиғи апат аймақтарынан көшіріп, эвакуациялық пункттерге гуманитарлық көмек жеткізуде, сонымен қатар су жағаларын нығайту жұмыстарын орындап, қарғын судың арнасын бұрумен шұғылдануда. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлесе атқарылуда.
Өткен тәулікте Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің, академиясының және авиабазасының әскери қызметшілері Қазақстанның алты өңірінде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысты.
Ұлттық ұлан авиациясының МИ-171Е тікұшақтары Батыс Қазақстан облысындағы Махамбет, Социализм және Ұзынкөл секілді су басқан елді мекендерінде қызмет атқаруда. Олардың ұшу радиусы 300 шақырымды құрады.
5517 әскери бөлімінің 60 әскери қызметшісі және 5 техникасы Асан елді мекенінде су тасқынына қарсы қам-қарекет жасап жүр.
6697 әскери бөлімінің 100 әскери қызметшісі мен 8 техникасы Қостанай облысы бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға жұмылдырылған. Әскери бөлім офицерлері мен сарбаздары су тасқынына ұшыраған кент тұрғындарының жеке мүлкін алып шығуға көмектесті.
Атырау облысында 5546 әскери бөлімнің 75 жауынгері және 7 техникасы су тасқынына қарсы жұмыстарға көмек көрсету үшін облыс орталығынан Қызылқоға ауданының Қарабау елді мекеніне жіберілді.
5510 әскери бөлімінің (Көкшетау қаласы) 60 әскери қызметшісі мен 3 техникасы қала маңындағы Красный Яр кентінде қарғын суға қарсы іс-шараларға атсалысып жатыр.
Елдің солтүстігінде – Солтүстік Қазақстан облысының Заречный кентінде және Жылыжай елді мекенінде су тасқынына қарсы күрес жұмыстарына 6637 әскери бөлімінің және ҚР Ұлттық ұлан академиясының (Петропавл қ.) офицерлері, сержанттары, курсанттары мен сарбаздарынан құралған 150 әскери қызметші мен жеті техника тартылған.
Негізгі қызметтік жүктеме, әсіресе, 6655 (Ақтөбе қ.) әскери бөлімінің 500 жауынгеріне артылған. Олар тәулік бойы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып, Кирпичный, Заречный, Ақжар-1 және Ақжар-2 елді мекендеріндегі иесіз қалған үйлердің мүліктері тоналмауы үшін қарауыл қызметін атқаруда.
– Құтқарушылармен үйлесімді жұмыстың арқасында біз табиғи апаттың салдарын барынша азайта алдық. Тұрғындарды қорғау және табиғи апаттан болатын зиянды болдырмау үшін күшейтілген жұмыс жүргізілуде. Ықтимал су басу аймағын қоршауға 50-ге жуық әскери қызметші қойылды. Біздің басты міндетіміз – су тасқыны жағдайында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қорғау, – деп атап өтті 6655 әскери бөлімінің 3 батальонының командирі Қанат Кемелбеков.
Су тасқыны басталғаннан бері Ұлттық ұланның 1365 әскери қызметшісі, 65 авиа және автомобиль техникасы табиғи апаттың алдын алу және салдарымен күрес жұмыстарына жұмылдырылған. Нәтижесінде 832 адам эвакуацияланды, жалпы ұзындығы 8355 метр арықтар тазартылды, су жағаларына 70 мыңнан астам құм толы қап төселді, сонымен қатар диверсиялық жұмыстар кезінде 250 кг аммонит жұмсалды. Бұдан бөлек, тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға 6800 келі гуманитарлық көмек жеткізілді.