Ақмола полицейлері бұрынғы жұбайына қауіп төндірген ер адамға сотқа дейінгі тергеуді бастады
Ақмола облысының полицейлері бұрынғы жұбайына қауіп төндірген ер адамға сотқа дейінгі тергеуді бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұрынғы күйеуінің қоқан-лоққысына байланысты Ақмола облысының тұрғыны полицияға жүгінді. Полицейлер бұрынғы жұбайына қауіп төндірген ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Көкшетау қаласының ұрғыны полицияға телефон арқылы хабарласып, бұрынғы күйеуі мас күйінде оның пәтеріне келіп, денсаулығына қауіп төндіріп, жанжал шағарғанын хабарлады.
Әйелдің тұрғылықты жеріне келген учаскелік полиция инспекторлары ер адамды уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізді. Медициналық куәландырудан кейін ер адамда алкогольдік масаңдықтың орташа дәрежесі анықталды.
Тергеу бөлімі осы фактіга қатысты ҚР ҚК 115-бабы (Қорқыту) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының ақпараты бойынша, жыл басынан бері Ақмола облысының аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 12 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.
Осы жылдың 3 айында тұрмыстағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 1 мың 141-ге жуық құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жәбірленушілердің еркіне қарсы оларды іздеуге, не қудалауға, баруға, ауызша, телефон арқылы келіссөздер жүргізуге және олармен өзге де тәсілдермен байланысуға тыйым салу туралы 1 мыңнан астам қорғау ұйғарымдары шығарылды.
Бұдан басқа, ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабы бойынша қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін шамамен 180 әкімшілік хаттама жасалды. Соттар 195 құқық бұзушыға қатысты мінез-құлыққа ерекше талаптар белгіледі, сонымен бірге сот белгілеген ерекше талапты бұзғаны үшін 374 адам жауапқа тартылды.