Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері Астана маңындағы тұрғындарға көмекке барды

ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері Астана маңындағы тұрғындарға көмекке барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Су басу қаупі Астана қаласы маңындағы Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылында да орын алды. Бас қаладан 26 километр жерде орналасқан елдімекенде тұрғын үйлерді су басу қаупі бар.

Осы орайда Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің 140 әскери қызметшісі және 6 техникалық бірлігі еріктілермен бірге тасқынның алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

– Қазіргі уақытта еліміздің басына қиындық туындап тұрған уақыт. Еліміздің бірнеше аймақтарында су тасқыны апаты орын алған сәтте біздің Ұлттық ұланның әскери қызметшілері барлық өңірде өздерінің көмектерін аяп қалып жатқан жоқ. Астана қаласынан 26 км қашықтықта орналасқан Жібек жолы елдімекенін су басу қаупі бар деген ықтимал болды. Біздің 6636 әскери бөлімінің сарбаздары су басу қаупі бар аймаққа жедел жеткізілді және осы уақытқа дейін екі мыңға жуық қап төсеп, тілсіз жауға қарсы күресті жасап жатыр. Сонымен қатар 6636 әскери бөлімінің 140-қа жуық әскери қызметшілері Астана қаласының маңында орналасқан Талапкер елді мекеніндегі дәл осындай су тасқынының алдын-алу шаралары бойынша екі ауысымда тапсырманы орындап жатыр. Ұлттық ұлан – әрдайым халықпен бірге! – деді 6636 әскери бөлімі командирінің орынбасары Талғат Қырықбаев.

Жеке құрам Жібек жолы ауылындағы Қарасу көшесіндегі мектептің спорт залында орналасып, тамақтандыруды да ұйымдастырған.

Жібек жолы ауылы 7 ықшам ауданының Ержан атты тұрғыны Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне тұрғындардың атынан алғысын жеткізді.

– Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің басшылығы мен сарбаздарына алғыс айтамын. Су басу қаупі біздің жерімізге де келді. Дегенмен сарбаздар қолдарынан келген көмектерін аямайды. «Күшіміз – бірлікте!» деген ұранды жалау еткен әскерімізге рахмет. Отан алдындағы борыштарын адал атқарып, аман-есен Отандарына оралсын деген тілегімді айтамын. Еліміздің аспаны ашық болсын, осындай сәтте ауызбіршілігіміз бен бір-бірімізге деген қамқорлығымызды көрсетуіміз қажет, – деді ауыл тұрғыны.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру